Жәңгір хан университетінде Республика күні аталып өтті

Бүгін Жәңгір хан университетінде 25 қазан – Республика күніне орай салтанатты шара өтті.

        Мерекелік жиында университеттің басқарма төрағасы-ректор Асқар Наметов профессор-оқытушылар мен студенттерді ұлттық мерекемен құттықтады.

        – Құрметті әріптестер! Сіздерді 25 қазан – Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын! Республика күні – халқымыздың азаттыққа деген ұмтылысын, елдік мұраты мен тәуелсіздік жолындағы тарихи таңдауын айшықтайтын маңызды мереке. 1990 жылғы 25 қазанда Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына негіз қалап, ел тарихындағы жаңа кезеңнің бастауына айналды. Бүгінде егемен еліміздің жетістіктері – әр саладағы қажырлы еңбектің, ортақ мақсатқа деген жауапкершілік пен болашаққа деген сенімнің нәтижесі. Ал мемлекеттің өркендеуі мен қоғамның дамуы, ең алдымен, білімді ұрпақ пен ғылымның әлеуетіне байланысты. Осы орайда жоғары білім беру саласына жүктелер міндет те, артылар сенім де зор. Жәңгір хан университетінің ұжымы да білікті мамандар даярлау, ғылыми ізденістерді дамыту және жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілік құндылықтарын сіңіру арқылы еліміздің дамуына өз үлесін қосып келеді. Университетіміздің әрбір жетістігі – ортақ іске жұмылған ұжымымыздың бірлігі мен табанды еңбегінің нәтижесі. Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, еліміздің ертеңіне қызмет ететін білімді, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу – баршамызға ортақ мәртебелі міндет. Осы жолдағы еңбектеріңіз бен университетіміздің дамуына қосып жүрген үлестеріңіз үшін әрқайсыңызға шынайы алғысымды білдіремін. Республика күні құтты болсын!, – деді құттықтауында Асқар Мырзахметұлы.

        Салтанатты шарада Білім беру менеджменті және мониторинг басқармасының жетекші маманы, экономика ғылымдарының кандидаты Наталья Пащенкоға «Еңбек ардагері» төсбелгісі мен Экономика және қаржы департаментінің директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Мира Бегееваға «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі табысталды. Сондай-ақ Стратегиялық даму және талдау басқармасының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Ирина Богдашкина Ғылым және жоғары білім министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

        Сонымен қатар бір топ оқытушы, ғылыми қызметкер мен студент облыс және қала әкімдерінің алғысхаттарына, сондай-ақ ректордың Құрмет грамотасына ие болды.

        Мерекелік шара акустикалық кешпен жалғасты. Оқу ордасының шығармашылық ұжымдары мен өнерлі жастары салтанатты жиынды ән-бимен көркемдеді.