Жәңгір хан университетінде «Тайбурыл» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті

Бүгін Жәңгір хан университетінде «Тайбурыл» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Қазақ жылқысы тұқымдарының қазіргі жағдайына арналған ғылыми басқосу Көшім жылқысы тұқымының 50 жылдығына орай ұйымдастырылды.

Жәңгір хан атындағы БҚАТУ мен Батыс Қазақстан облысының әкімдігі бірлесіп ұйымдастырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсаты – жылқы шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді талқылау, ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен бөлісу, қазақ жылқысы тұқымдарын сақтау мен жетілдірудің тиімді жолдарын айқындау, сондай-ақ ғалымдар мен сала мамандары арасындағы кәсіби байланысты нығайту болды.

Ғылыми іс-шараға отандық және шетелдік ғалымдар, жылқы өсірушілер мен жылқы иелері, ветеринария және мал шаруашылығы салаларының мамандары, оқытушылар, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысты. Конференция аралас форматта – офлайн және онлайн өткізілді.

– Бүгін біздің білім ордасында өтіп жатқан «Тайбурыл» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы қазіргі Қазақстандағы жылқы шаруашылығының жағдайына, оның ішінде жергілікті Көшім жылқысы тұқымының шығарылғанына 50 жыл толуына арналып отыр. Аталған конференцияның негізгі аудиториясы фермерлерден, ғалым-селекционерлерден тұрады. Сондай-ақ университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен білім алушылар қатысып жатыр. Басқосуда жылқы шаруашылығының қазіргі жағдайы, жылқыны асылдандыру жұмысы бойынша қордаланған мәселелерді шешу әрі осы жылқы тұқымдарын өсіріп-дамыту жолдары жөнінде айтылады. Халықаралық конференцияға алыс-жақын шетелден қонақтар келді. Кеше ғылыми жобаның үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Онда соңғы үш жылда жүргізілген ғылыми жұмыстың нәтижелері айқындалды, – деді басқарма төрағасы-ректордың орынбасары, ғылым жөніндегі проректор Әлжан Шәмшідін.

Пленарлық отырыста алдымен сөз алған БҚО ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин аталған басқосудың отандық ауыл шаруашылығы үшін де, батыс өңірі үшін де маңызды екенін айтты. Бұдан кейін профессор Набидолла Кикебаев жылқы шаруашылығы мен ат спортын дамытудың өзекті мәселелерін қозғаса, Татарстан Республикасының еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері, ТР көпсайыс федерациясының президенті Фарит Набиулин аборигендік жылқылар туралы айтты. Сондай-ақ Өнімді және әмбебап бағытындағы жылқы тұқымдары республикалық палатасының директоры Қалыбек Рзабаев Көшім жылқысын селекциялық-асылдандыруды жетілдіру жайында сөз қозғады.

Түстен кейінгі секциялық отырыстар «Ауыл шаруашылығы жануарларын өсіру, селекция және генетикасы», «Ветеринариялық медицина және мал шаруашылығындағы биологиялық қауіпсіздік» бағыттары бойынша жалғасты.