Бүгін марафоншы Ғариф Сатиев Орал қаласындағы Пугачев көшесінен Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетіне дейін жүгіріп өтті. Қазақстанға танымал спортшы бұл бастамасын салауатты өмір салтын насихаттауға бағыттап отыр.
Ғариф Ғарифоллаұлы – Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің түлегі әрі Тасқала ауданының «Құрметті азаматы» атағының иегері.
Спортшы бүгінгі марафонды өзі бес жыл білім алған оқу ордасына арнайтынын айтты. Университет ұжымы марафоншыны ерекше ықыласпен күтіп алып, оған қолдау көрсетті.
«1974-1979 жылдары Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтында, яғни қазіргі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде оқыдым. Біздің марафондағы дәстүр бойынша өзіміздің туған ауыл-ауданымызда, облысымызда жүгіріп өтеміз. Өзім бес жыл білім алған Жәңгір хан университетіне Пугачев алаңынан жүгіріп келдім. Кеше университет басшылығымен жолығып, бүгін жақсы жарыс өткіздік. Марафон өте әсерлі өтті. Университет ұжымы мені жоғары деңгейде қарсы алды. Мен осы марафонды университетіме арнаймын. Білім ошағының басшыларына алғысымды айтамын. Қазір жасым 69-ға келді. Әлі де спортпен шұғылданып, жүгіріп жүрмін. Жалпы спортпен шұғылданудың ешқандай жас өлшемі жоқ. Облыс орталығына келген сайын өзім білім алған университетке бас сұғамын. Бүгінгі күн үшін бәріне алғысым шексіз», – деді Ғариф Сатиев.
Айта өтейік, кейіпкеріміз он рет қатарынан халықаралық марафонға қатысқан. Сондай-ақ республикалық деңгейдегі ірі жүгіру жарыстарына, соның ішінде Almaty Marathon, City Run, Almaty Half Marathon жарыстарына тұрақты қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Ол 2022 жылы Қазақстан чемпионатында І орын және Орал қаласында өткен екі марафонда да І орын иегері атанды.
Абайдың «Толық адам» концепциясындағы ақыл, қайрат пен жүректі үйлестіру, үнемі ізденіп, өзін жетілдіру идеясы Ғариф Ғарифоллаұлының өмірлік ұстанымымен де үндеседі. 69 жасында спортпен шұғылданып, жүгіруді жалғастырып жүрген марафоншы кейінгі буынға салауатты өмір салты мен табандылықтың үлгісін көрсетіп келеді.







