10 қазанда Бейжің орман шаруашылығы университетінде киік пен Пржевальский жылқысын сақтау биологиясына арналған Қытай-Қазақстан симпозиумы өтті. Оған жабайы жануарларды қорғау, олардың популяцияларының жай-күйі және ауыл шаруашылығымен өзара байланысы мәселелерін зерттейтін ғалымдар мен мамандар қатысты.
Аталған симпозиум университеттің бас корпусында өтті. Бағдарламада киіктің Қазақстанның ауыл шаруашылығы өндірісі мен жайылым экожүйелеріне әсері, киік популяцияларының геномикасы, сондай-ақ Пржевальский жылқысын табиғи ортаға қайта жерсіндіру және сақтау мәселелері бойынша баяндамалар ұсынылды. Кездесуді Бейжің орман шаруашылығы университетінің доценті Цинь Синху үйлестірді.
Симпозиумға қатысу үшін Қытайға Жәңгір хан университетінен үш ғалым барды. Олар – доценттер Гүлшат Айешева мен Салтанат Есенғалиева, сондай-ақ доцент міндетін атқарушы Канбибі Гумарова. Жобаға доцент, экономика ғылымдарының кандидаты Айгүл Қазамбаева жетекшілік етеді.
БҚАТУ делегациясының сапарын дайындауға және симпозиумға қатысуына университеттің ғылым жөніндегі проректоры, профессор Әлжан Смайылұлы ұйымдастырушылық қолдау көрсетті. Жобаға қатысушылар халықаралық ғылыми ынтымақтастықты қолдағаны үшін оған алғыс білдірді.
Гүлшат Айешева «Киік популяцияларының ауыл шаруашылығына әсерін экономикалық бағалау және шығындарды азайту жолдары» тақырыбында баяндама жасады. Баяндамада киіктердің ауыл шаруашылығы алқаптары мен жайылымдарға ықтимал әсері, туындайтын тәуекелдерді бағалау және шығындарды азайту тәсілдері қарастырылды. Сондай-ақ кеңістіктік талдаудың маңызы атап өтілді. Ол жабайы жануарлар мен ауыл шаруашылығы өндірісінің өзара ықпалы айқын байқалатын аумақтарды және қолдау шаралары қажет болуы мүмкін жерлерді анықтауға мүмкіндік береді.
Салтанат Есенғалиева «Киік популяцияларының Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы өндірісі мен жайылым экожүйелеріне әсерін экономикалық бағалау» тақырыбында баяндама ұсынды. Ол киіктердің қозғалысы, жайылымдарды пайдалану және ауыл шаруашылығы қызметі арасындағы байланысты зерттеу тәсілдерімен таныстырды.
БҚАТУ ғалымдарының баяндамаларында киікті сақтаумен қатар ауыл шаруашылығы өндірушілерінің ықтимал шығындарын азайтуға мүмкіндік беретін шешімдерді іздеуге ерекше назар аударылды. Мұндай тәсіл жергілікті жағдайларды ескеруді, ахуалды тұрақты бақылауды және тәуекел деңгейі әртүрлі аумақтарға арналған шараларды нақты таңдауды көздейді.
Симпозиумның тағы бір баяндамасы Пржевальский жылқысына арналды. Бейжің орман шаруашылығы университетінің профессоры Ху Дэфу жылқыны табиғи ортаға қайта жерсіндіру нәтижелері мен популяцияларын табиғи-географиялық жағдайларды ескере отырып, одан әрі қалпына келтіру перспективалары туралы баяндады. Бағдарламада доцент Липин Янның табиғи ортаға қайта жерсіндірілген Пржевальский жылқыларының тіршілік етуін инвазивті емес әдістермен бағалау және зерттеуші Цин Тидің киік популяцияларының геномикасы жөніндегі баяндамалары да ұсынылды.
Қазақстандық ғалымдар Бейжің орман шаруашылығы университетінің басшылығы мен бүкіл университет ұжымына қонақжайлығы, симпозиумды ұйымдастырғаны және ғылыми тәжірибе алмасуға мүмкіндік жасағаны үшін шынайы алғысын білдірді. Профессорлар Ху Дэфу мен Цинь Синхуға, университеттің басқа да ғалымдарына, сондай-ақ іс-шараға қатысқан докторанттарға, магистранттар мен студенттерге ерекше ризашылық білдірілді.
БҚАТУ өкілдерінің симпозиумға қатысуы жоба нәтижелерін халықаралық ғылыми қауымдастыққа таныстыруға, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға және жабайы табиғатты қорғау мен ауылдық аумақтарды тұрақты дамыту салаларындағы ынтымақтастықты талқылауға мүмкіндік берді.



