Жәңгір хан университетінің ашық аспан астындағы музейі жаңа экспонатпен толықты

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің ашық аспан астындағы музейі құнды тарихи экспонатпен толықты. Музей төрінен ауыл шаруашылығы саласында кеңінен пайдаланылған ДТ-75 тракторы орын алды.

Бұл игі бастама қамқоршылық кеңесінің төрағасы Александр Ажғалиев пен қамқоршылық кеңесінің мүшесі Үміт Жұмағалиеваның басшылығымен жүзеге асырылды. Экспонатты университет аумағына жеткізу, арнайы техниканың және кранның көмегімен түсіру, сондай-ақ оны белгіленген орынға орналастыру жұмысы жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

«Осы ретте тракторды музей қорына экспонат ретінде бөліп берген «Белес» компаниясының «Авангард» ЖШС басшылығына зор алғысымызды білдіреміз! Сондай-ақ экспонатты университет аумағына жеткізіп, кранның көмегімен түсіріп, белгіленген орынға орнатуға атсалысқан барша азаматтарға шынайы ризашылығымызды білдіргіміз келеді. Бұл – оқу орнының тарихын дәріптеуге, тарихи мұраны сақтауға және жастардың өткенге деген құрметін арттыруға бағытталған маңызды қадам», – дейді политехникалық институт директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Бибігүл Сарбалина.

Айта өтейік, іс-шараға 4 курс студенттері қатысты. Кездесу барысында техника ғылымдарының докторы Ермек Айталиев сөз алып, Жәңгір хан атындағы оқу орнының тарихы, қалыптасу кезеңдері мен бүгінгі күнге дейінгі даму жолы туралы ақпарат берді.

Политехникалық институт директоры Жанна Құбашева атынан жаңа экспонаттың музей қорына қосылуына үлес қосқан ұйым өкілдеріне және осы игі іске атсалысқан барлық азаматтарға алғыс айтылды. Өз кезегінде 4 курс студенті де сөз алып, университет тарихын танып-білудің және осындай тарихи жәдігерлерді сақтаудың жастар үшін маңызы зор екенін атап өтіп, ұйымдастырушылар мен қолдау көрсеткен азаматтарға өз алғысын білдірді.