27 тамыз бен 2 қыркүйек аралығында Тәжікстан Республикасының Худжанд қаласында бадминтоннан Азияның аймақтық чемпионаты (Орталық Азия) өтті.
Аталған жарыста U16, U19 және U23 жас санаттарындағы спортшылар бақ сынады. Чемпионат бағдарламасындағы аралас командалық жарыста (Mixed Team) Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің студенті Жанерке Сағындық ІІ орынға ие болды. Сондай-ақ ол жеке біріншілік (Individual Event) бойынша жекелей санатта – ІІІ орын, жұптық санатта – ІІ орын, ал аралас санатта ІІІ орынға табан тіреді.
Айта өтелік, Жанерке Сағындық – «мұнай өндіру объектілерін пайдалану және қызмет көрсету» мамандығының ІІ курс студенті.
Батыс Қазақстан облысының бадминтон федерациясы хабарлағандай, халықаралық додаға өңір атынан үш спортшы қатысты. Командалық жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті.
«Мұндай ірі жарыстар жас спортшылар үшін халықаралық тәжірибе жинақтап, шеберліктерін шыңдауға және өз қабілеттерін жоғары деңгейде сынауға мүмкіндік береді», – делінген БҚО Бадминтон федерациясының хабарламасында.



